Ұлтан мен сұлтан
Поддержать

Ұлтан мен сұлтан

Әлемдегі кез-келген мемлекет бірінші кезекте өз азаматарының қамы мен игілігін ойлайды. Тиісінше жергілікті билік аталмыш басымдыққа жету үшін барын салады, әйтпеген күнде орнын қолынан іс келетіндерге босатуға мәжбүр. Бұл әрбір жауапты қоғамның өмір салты.

Біздің халықта “Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген мақал бар. Жүрегі қазақ деп соққан әр адам бұл ұлағатты сөздің мағынасын шетелде шалқып жүргенше, өзің еліңе қызмет еткен абзал деп түсінеді. Алайда, шенділер кейде оны дәлме-дәл қабылдайтын секілді. Басқаша болғанда, өз Отанында жүріп азаматтарымыз бүгінгідей аянышты күй кешер ме еді?

Уақытша тіркелу туралы заң талабы сол келеңсіздіктің кезекті айғағы іспеттес. Әдетте басқа мемлекеттерде бұндай шектеу тек шетелдіктерге қолданылады. Оның астары түсінікті де – бөтеннің аты бөтен, оның нендей пиғылмен келгені беймәлім. Сондықтан елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оның іс-әрекетін бақылау артықшылық етпейді. Ал өз жерінде жүріп, осында туып-өскен азаматқа тіркелу ойға сыймайтын дүние. Екіншіден, бұл шара Атазыңымызды өрескел бұзу, адам хұқықтары бойынша Қазақстанның алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы. Үшіншіден, азаматтың ар-ожданына тиетін жағдай болып табылады. Әлдекім ойлауы мүмкін, бізді келімсектермен теңестіріп қойғаны несі деп. Тек іс бұнымен бітпейді.  

Мәселен, биылдан бастап Қазақстан 48 мемлекет азаматтарына визасыз келу жеңілдігін сыйлапты. Құб-ақ. Бірақ тиісті луазымдылар дипломатияның негізгі қағидатын ұмытқан секілді. Оның дені — елдер арасындағы байланыстар тең де әділ болуы шарт. Алайда аталып отырған 48 ел біздің азаматтарға ондай жеңілдік берген емес. Сондықтан шетелдіктер Қазақстанға емін-еркін келіп жүргенде біздің азаматтарымыз шетел визасын алу үшін ұзын сонар өшіретте тұрып, қаптаған қағаз бен саусақтарының ізін тапсырып, оған тиісті төлемін жасау міндетті.  

Былтырғы жер дауын алып қараңыз. Дәл сол оқиға. Өзін ұлықтағанда шенділердің ылғи алға тартатыны – Қазақстан жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орынға ие екендігі. Әйткенмен мәселенің шындығына келгенде аңғаратынымыз көңіл көншітпейді: Жерге зәру диқандарымыз мен малшыларымыз оны көрінгеннен жалға алып үстеме шығынға батып жүр. Миллиондаған жерлес заң бойынша уәде етілген он соткаға қолы жетпей келеді. Жауапты мекемелерден олардың еститіні бір: Елімізде бос жатқан жер жоқ. Бірақ шетелдіктерге келгенде игерілмей бос жатқан 1 миллион гектар (10 соткадан 10 миллион жер телімі) оңай табыла қалады.

Қазақстандағы Ресей әскери полигондарына қатысты да ұқсас әңгіме. Сөз болып отырғаны милиондаған гектар жер. Ластау мен уландыру жағын былай қойғанда, оларды жылдық жалға беру құны күлкілі — гектарына 2,5 доллар немесе 850 тенге. Ал Қазақстан азаматтары жалға алар болса, сол жердің нарықтағы құны гектарына кем дегенде 7-8 мың теңгені құрайды.

Жер мәселесін қоя тұрып, еңбек ақысы туралы аз-кем айтсақ. Қайтадан әлемдік тәжірибеге үңілер болсақ, басымдық әркез сол елдің төл азаматтарына беріледі. Бұндай талап Еуропада, Америкада, Азияда, бар жерде бұлжытпай қадағаланады. Себеп сол баяғы – өз азаматтарын құрметтеу, шетеледіктерге емес, алдымен отандастарына жағдай туғызу, жұмыспен қамту, т.б. Төленетін еңбекақысының мөлшері де осы мақсатқа тәуелді. Мәселен, араб елдерінде теңдей жұмыс атқарғаны үшін жергілікті тұрғын келімсектерден 3-5 есе көп табыс алып отырады.

Сорақысы сол, Қазақстандағы жағдай керісінше. Тек ресми мәліметтерге сүйенсек, көптеген компанияларда отандық және шетелдік мамандар алатын жалақы айрмашылы 11 есеге дейін жеткен… шетелдіктер пайдасына. Айталық, Атыраудағы «Экспертиз с.р.л.» кәсіпорнында қазақстандық инженердің жалақысы айына 170 мың теңгені құраса, оның шетелдік әріптесінікі 1 млн 900 мың тенгеге сәйкес. Немесе Алматыдағы «Урим Констракшн» компаниясында жергілікті техникалық директор 120 мың теңге алса, шетелдік директор 500 мың теңге қалтаға салған. Компаниялардағы қызметтік деңгей бойынша да айырмашылық шетелдіктер еншісінде. Жалпы, елімізге тартылатын өзге елдер өкілдерінің 79 пайызы басқарушы мансапқа ие екен.

Бұл мәселенің жазылып та, айтылып та келе жатқанына талай жыл өтті. Дегенмен, шенділердің құрғақ уәделерінен басқа мардымды өзгерістер байқалып отырған жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Кейде шенділердің шетелдіктерге тісі батпай ма деген ой келеді еріксіз.

Алаңдататыны – ел экономикасының шетелдіктерге тәуелділігі уақыт өткен сайын артып келе жатқаны. Кей сарапшылар дәйегінше аталмыш көрсеткіш бүгінде 60-70 пайызға жетіп отыр. Ал экономика тетігі кімнің қолында болса, саяси билік те, ықпал да соның қолында деген сөз. Бұның арты тек тәуелсіздіктің шайылуына, әлеуметтік теңсіздік пен алауыздыққа алып келетіні өз алдына, мемлекеттің құлдырауына әкелмек.

Ұлттық мүдде мен намыс тұрғысынан дабыл қағатындай жағдаяттар. Алайда, елдің мұңын шағатын саяси партиялар жаншылған, зиялы қауымның басым бөлігі сарай ақындарының кебін киген. Мәселенің шындығын айтар бұқаралық ақпарат құралдары көбіне жеңіл-желпі дүниелерге әуез, ал таралымы тұрғысынан қарар болсақ 10 пайызға жетер-жетпесі ғана қазақ тілді.

Қазақ тілі демекші, оның тоқал баласының күйін кешкеніне ширек ғасырдан асты. Өзін-өзі сыйлайтын елдерде мемлекеттік тілді білу азаматтық алудың негізгі шарты саналатыны белгілі. Жекелеген елдерде, онсыз көше сыпырушы боп жұмысқа тұрудың өзіне тыйым салынған. Қазақстанда болса, қайта керіснше – жоғары мемлекеттік мансапқа болсын, бюджеттік мекемеге болсын қазақ тілінсіз жұмысқа тұру қатардағы іс те, орыс тілінсіз ол мүмкін емес.

Қазақ қашан да қонағын қастерлеген халық. Дей тұрғанмен, есігін айқара ашып қойып, бөтендерді төрге шығару бұл нағыз асыра сілтеушілік. «Жаман үйді қонағы билейді» дейді ғой.

Соңғы әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, қазақ жастарының үштен бірі шетелге біржолата кетуді армандайды екен. Бірақ олардың талайы шалғайда сұлтан болуы неғайбыл. Негізінен күткені үйқараушы, қоқыс шығарушы, көше сыпырушының күнкөрісі. Азаматтарының Отанында бақуатты болуына мұрсат бермей, сыртта да ұлтанның күйін кешуге итермелеген сұм заман-ай.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.