Жаңа Қазақстан және ескі сыртқы саясат
Поддержать

Жаңа Қазақстан және ескі сыртқы саясат

Кез-келген сыртқы саясат сол елдегі ішкі саясаттың жалғасы болып табылады деген тұжырым баршаға аян. Өз кезегінде халықаралық ықпалдастық пен одақтастық жекелеген мемлекеттің тыныс-тіршілігіне, келешегіне тікелей әсер етеді. Ендеше жаңа кезеңге аяқ басқалы отырған Қазақ елінің дипломатиясы қандай болуы керек? Оның ішінде әсіресе соңғы кезде ресми мәлімдемелерде ресейшіл сарынның қайтадан күшейе бастағаны ұлттық мүддемен қаншалықты жанасады?

Бүгінгі путиндік Ресей әлемдегі барша жемқорлыққа батқан, азаматтарының еркін шектеп отанынан безуге мәжбүрлеген авторитарлық режимдердің серкесіне айналғаны жасырын емес. Халқы әлгіндей өмір-бақилық басшыларына қарсы көтеріліске шықса оларды лезде әскерін жіберіп басып-жаншитын жандарм да Ресей. Айтылғанға көз жеткізу үшін Мәскеудің ең сенімді деген одақстарына назар салса жеткілікті: Беларусь, Иран, Венесуэла, Сирия, Солтүстік Корея т.б. Ал енді аталмыш күмәнді және абырой әкелмес тізімде Қазақстанның табылуы нені білдіреді? Өркениетті әлемнің бізге деген көзқарасы қандай болмақ? Досың кім екенін айт, сонда өзіңнің кім екенің белгілі болады деген сөз тегін емес.

Ресейден сескеніп оған ұпайымызды бірінен соң бірін жығып бергендік Қазақ қоғамында да наразылық тудыруда. Және бұндай бағыт-бағдар жалғасын тапса билікке деген сенімнің артуы неғайбыл.

Рас, Ресей Құдай берген көршіміз, онымен мүмкіндігінше сыйласып өмір сүрген жөн сынды пікір әбден орынды. Жалғыз ғана алғышарт орындалған жағдайда — егер аталмыш сыйластық бір жақты емес, тең дәрежеде сақталса. Өкінішке орай, қазіргі қолда барымыз аталған талапқа сай келмейді. Қайта әлдеқашан өлген совет империясындағы Ресей — басшы, қалғандары — қосшы деген инерция әлі де үстемдік етуде. Бұған әлдебір дәлел келтірудің өзі артық. Сондағысы Кремльдің көрші елдерге менменшіл көзқарасы да айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Бұны Украина, Грузия, Молдова, басқаларға сес көрсетуінен иә болмаса олардың дербес тарихы мен елдігін жоққа шығаруынан байқауға болады.

Уақыт өткен сайын сотүстік көршінің саясаткерлері Қазақстанға тиісе беруі аталған имперлік ұстанымның еш қайда кетпегенінін, қайта Путин дәуірінде күшейе түскенін айғақтайды. Тіпті соңғы қаңтар оқиғалары барысында ресейлік ресми өкілдердің Қазақ президентінің атын айтқандағы жаңылуы иә Қазақтың Байқоңырына Қазақтың министрі келмей-ақ қойсын дегені құр ағаттық емес, шынайы көзқарасы. Іс осымен шектелсе бір жөн. Алайда Мәскеу жетекшілік еткен авторитарлық режимдер тобында қала беру Қазақстандағы демократияның дамуына да балта шабады. Өйткені авторитаризм маңайында халықтық биліктің орнауын жек көруі өз алдына, оны өз әлеуметін арандатады деп қауіп көреді. Айналып келгенде жеке Путиннің Украинаға шексіз ашынуы, оның еркін тұншықтыруға барын салуы осыдан.

Диктаторлық ортада адал әріптестікке немесе ұзақ мерзімді құндылықтарға негізделген ынтымақстатыққа да жол жоқ. Керісінше бірі әлсіресе екіншісі жұтып жеуді көздеген ойын ережелері орнаған. Кезінде Гитлер мен Сталиннің жауласпау жайлы келісім-шарты сықылды. Көршімен оның тілін табу емес, тек өз дегеніне күштеп бағындыруды көздеген саясаттың ендігі қауіпті тұсы екі империяның өзара келісіп барып арадағы әлсіз көршіні талқандап бөліске салу. Сол Совет Одағы мен фашистік Германия Польшаны екі жақтан талағаны сияқты. Қысқасы, ондай одақтасқа үміт артудан бұрын, оны қараусыз қалдырғанның өзі қауіпті.

Олай болса тығырықтан қалайша шығамыз деген сұрақ туындайды. Оның екі-ақ қана белгілі жолы бар. Біріншіден, мәселе елдің өзі іштей мығым, халқы мен билігі тату, экономикасы бәсекеге қабілетті және қоғам бақылауында болуы, ал азаматтары ортақ арман-тілектерді дәріптегені қажет. Ондай ұлтпен араздасудан кімде-кім тартынары анық. Және керісінше, мемлекет іштей жік-жікке бөлініп, ел арып-ашып, әркім бас-басына би болғанда бұл сырттан басқыншылықты шақырғанмен бірдей. Әлгі Грузия немесе Украинаға қарсы соғыс дәл жаңағыдай ішкі дағдарыс шыңырау шегіне жеткенде басталғаны осы заңдылықтың көрінісі.

Екіншіден, алдыңғы тармақпен сабақтасып жатқан сыртқы саясат мәселесі. Себебі демократиялық қоғам қалыптастыру, заманауи экономикалық жүйе қүру, әлеуметтің өмір сапасын арттыру секілді басымдықтар көп ретте ішкі құлшыныспен қатар қоршаған ортаға байланысты. Белгілі дәрежеде дарыны ерекше жастардың жаман ықпалға түсіп болашағын құрбан еткені сияқты.

Жақсымен дос болсаң бағың жанады деген осындай өмірлік қағидат халықаралық қатынастарда да кеңінен таралған. Ал енді біз кіммен жақындасуымыз керек дегенде алдыңғы ретте бауырлас та тағдырлас Түркі өркениетін атауға болар. Өйткені бұндағы саясатқа жалаң есеп немесе қара бастың қамы үшін айласын асырып қалудан гөрі, ғасырлар бойы талай сыннан өткен ағайындық пен адалдық тән.

Сондай-ақ Қазаққа демократиялық қауымдастықпен ықпалдастықтың берері мол. Мәселе тіпті олардың тікелей көмегінде иә жау жағадан алғанда арашалап қалуында емес. Мәселе жарқын болашаққа жетудегі ұтымды әрі сенімді тәжірибенің игеріліп іске асуында.

Тілге тиек болу үшін 1950-жылдары сырт күштердің тепкінімен екіге бөлінген Кореяны мысалға алайық. Мәскеу жетегінде кеткен Солтүстік Корея «үлкен ағасынша» социализм құруға көшті. Содан бергі қуғын-сүргін, ашаршылық, өмірдің барлық саласын шектеу мен күн көсемге табынуды бастан кешірген елдің тағдыры аянышты. Ал енді АҚШ-қа арқа сүйеп демократия құра тұрып дербестігін сақтап қалған Оңтүстік Корея бүгінгі таңда ең дамыған елдердің қатарынан шықты. Екі арадағы айырмашылық жер мен көктей: Айналдарған жетпіс жылда Солтүстік Кореяда халықтың саны 20 миллионнан 25 миллионға әзер жетті (салыстырма үшін: Оңтүстік Кореяда 20-дан 50 миллионға өсті), экономика көлемі 50 миллирд доллар (Оңтүстікте 1,5 триллион немесе 30 есе көп), азаматтардың орташа өмір ұзақтығы 72 (80) жас. Тіпті сапалы тамақ мен дәрумен жетіспеуінен, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің артта қалғанынан Солтүстік Кореядағы жастардың бойы оңтүстіктегі замандастарынан 10 сантиметрге аласа.

Келтірілген ойлар Ресей иә Қытаймен байланыстарды шектеу қажеттігін меңземейді. Мәселе тек оларды тең және өзара тиімді қалыпқа келтіруде. Әрине, өзін жетекші рөлде сезініп қалған алып көршілердің санасын өзгерту оңай емес. Бірақ осылай болды және амал жоқ алда да қала береді деген ұстаным қате. Саясат мүмкіндіктер алаңы және бұнда әпсәтте жоқтан ешнәрсе бар бола салмайды. Ол үшін күш-жігер, ақылды саясат, өз күшіңе деген сенім керек. Әу бастағы әл-ауқаты шектеулі бола тұра әлгіндей міндетке лайық бола білген және барын сақтап алға басқан Финляндия, Израиль, Моңғолия осы айтылғанға дәлел. Кеш те болса Қазақстан да заман ағымына бой ұсынбай өзіндік жолын таңдау керек. Айналып келгенде алдына тек зор мақсаттарды қойған ұлттар ғана жеңіске жетеді.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.